Сахнаның сиқырлы сырына бала жасынан құмартып, «өнер» деген қасиетті сөздің тылсымына үңіліп, сол мақсатына жету жолында жігерлілік танытып, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отырған біздің кейіпкеріміз – Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай. Есімі көкшеліктерге ғана емес, өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Аталған өнер ордасының құрылған күнінен бастап, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «отымен кіріп, күлімен шығып» келе жатқан белді де беделді қызметкері. Төлеубекті танымал еткен образы – Жұмабек Ташенов. Қазақтың әр сүйем жері үшін жауымен жағаласып өткен ата-бабасындай тұлғаны сомдау бақыты бұйырған бірден бір өнер иесі осы жауапкершілік жүгін нар атандай көтеріп жүре алды. Қарапайымдылық қанында бар қасиет. Қазақтың иісі сіңген Бай-Өлкенің бесігінде тербелген. Көкшетаудың төл перзентіне айналған. Оның осы топырақта қанаты қатайды, жетістікке жетті, арманға құлаш ұрды, мақсат биігіне қол созды. Ердің жасы елуге толайым табыстармен келіп отырған Төлеубек Көңбаймен тілдесіп, ғұмыр-дарияның ол кешкен ағыстарына тоқталған едік.

«Көкшетау»газеті: Ең алғаш Көкше топырағын басқан сәтіңе оралсақ деймін, театрдың табалдырығын аттаған кезде неше жаста едің, әңгімемізді содан бастайық.   Төлеубек Көңбай: 1992 жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Кино және өнер институтына оқуға түсіп, 1996 жылы бітірдік. Наурыз айында біз кураторымыз Татьяна Қасымқызы Наурызбаева мен  екінші ұстазымыз Есмұқан Есбайұлы Обаев бастаған бір курстың қыз-жігіттері  Арқалық қаласында қазақ театрын ашуға  бардық. Сол кісілердің дайындаған дипломдық жұмысымыз В. Ежовтың «Бұлбұлдар түні» мен В.Гогольдің «Ревизорымен» жабылып қалған театрдың шымылдығын аштық. Сол жерде үш ай ғана жұмыс істеп, Көкшетауда қазақ театры ашылды дегенді естіп, осында келдім. Бұл жақта менімен бірге оқыған курстас достарыммен, әрі әріптестеріммен үнемі байланыста болған едім, бірден театрға қабылдандым. 1996 жылдың 6 наурызында Жақып Омаровтың бастамасымен Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын ашты.  Ол кезде 22 жастағы жігітпін, жалындап тұрған кезіміз. Маған дейін Көкшеге Жарас Қалдаров, Сафуан Шәймерденов, Ербай Дүңгененов, Айна Жүнісова, Зафура Арзымбетова, Құмарбек Қалқатаев, Гүлмира Жакилина, Жанар Құсайынова, Қайрат Мырзаболатов, Елтай Мұстанов, Кенжеғазы Қарымсақов, Меңдеш Шапихов деген таныс қыз-жігіттер келген еді. Бәріміз бірлесіп, жұмысты бастап кеттік. Мұрат Түлкібайұлы Оспанов