Көкшетаудың 35 тұрғыны «Samruk-Kazyna Trust» қоры іске қосқан «Табысты отбасы» жобасы аясында оқуын сәтті аяқтады. Ақмолалықтар «Ерлер кәсіптері», «SMM», «Жартылай фабрикаттар», «Сұлулық индустриясы» сияқты бағыттар бойынша білім алды. Оларға бизнесін бастау үшін жабдықтар алуына және оқуды сәтті аяқтағаны туралы арнайы сертификаттарды қала әкімі Бауыржан Ғайса табыс етті. Әлеуметтік жобаға көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер қатысты. Сондай-ақ NEET санатындағы жастар мен ерекше баласы бар отбасылар да осы жобада бақтарын сынады. Оқыту мастермайндар, кеңестер, тұлғалық дамуға қатысты тренингтер арқылы жүзеге асырылды. Өткен жылдың қазанынан бастап Ақмола облысы бойынша 50-ден астам адам оқыту курсынан өтті. Жоба аясында қатысушыларға 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде құрал-жабдықтардың жиынтығы беріледі. Сонымен қатар үш ай мерзімде істі жүргізу мен дамыту мәселелерінде менторлар қолдау көрсетеді.

Г. БӘЙІШЕВА.