Газет бетіндегі мақала мен суреттің сапалы түсуі, бояуының қанық болуы, жалпы газеттің қалай дайындалатынын, қаншама тер төгіліп, жүйке жұқаратынын оқырмандар біле бермеуі мүмкін. Еліміздегі ең көне полиграфиялық кәсіпорын – Көкшетау облыстық баспаханасы, қазіргі «Көкше-полиграфия» АҚ тарихы, оның өткен жылдары сонау тереңнен сыр шертеді. Тарихи құжаттарға сүйенсек, баспахананың іргетасы 1905 жылы қаланған. Сол уақытта мұнда шағын газет, қажетті бланк өнімдері басып шығарылатын… Өңірдегі баспа басылымдарының сапалы шығуына бірден-бір жауапты баспахана қызметкерлерінің есімдері мен еңбектерін атап өткенді жөн санадық.

Ақпараттық технологиялардың дамуы және таяу болашақта дәстүрлі БАҚ-тың жойылатыны туралы сараптамалық болжамдарға қарамастан, басылымдар өздерінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ешбір электронды құрылғы қағазға басылған дүниені сақтай алмайды. Сондықтан да газет-журналдар бүгінгі күнге дейін отандастарымыздың үлкен бөлігі үшін сұранысқа ие және таптырмас ақпарат көзі болып қала береді.

«Көкше-полиграфия» АҚ ұжымы тек газет басып шығару жұмысымен айналысып қана қоймай, тапсырыспен жасалатын жұмыстарды қабылдап, оның сапалы орындалуына бар күшін салады.

Кәсіпорын азаматтық және Ұлы Отан соғыстарын, кеңес өкіметі, 90-шы жылдардың өтпелі кезеңін басынан өткерді. 1944 жылы Көкшетау облысының құрылуымен сәйкес келген Никандер Шеломенцевтің жеке ісі 1974 жылы қазіргі баспа ғимаратының салынуы тұсына дейінгі түрлі даму сатысынан өтті. Бүгінгі күні көптеген тапсырыстарды орындау арқылы өзінің ісін өрге жүздірген кәсіпорында елу адам жұмыс істейді. Олардың бәрі өз ісінің шеберлері. «Көкше-Полиграфия» АҚ қаланың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалған емес және мүгедектерге, зейнеткерлерге, әлеуметтік мекемелерге көмек қолын созады. Баспахана ең қарапайым машиналардан заманауи цифрлық технологияларға, ақ-қарадан түрлі-түсті баспаға көшті деп сеніммен айта аламыз. Баспагерлердің бірнеше буыны қалдырған озық дәстүрлерді жалғастыра отырып, бүгінде «Көкше-Полиграфия» АҚ инновациялық кәсіпорын ретінде дамып келеді.

Соңғы жылдары мұнда құрал-жабдықтар жаңартылып, полиграфияның жаңа бағыттары игерілді. Осында басылатын газет-кітаптардың сапасы жақсарып, сұраныс көбейе түсті. Осы жылдар ішінде тапсырыстардың жоғары деңгейде орындалуына назар аударылып, мамандар ортақ іске жұмылдырылды.

Қазіргі заманғы полиграфиялық кәсіпорын ең алдымен жоғары сапалы баспа өнімдерін шығаруға және сатуға бағытталған. Бірақ баспахана үшін ең бастысы – оның қызметкерлері. Олардың шеберлігі мен өз мамандықтарына кәсіби адалдығы компанияны танымал етуде. Тұтынушылармен жақсы қарым-қатынас, жоғары сапалы қызмет кепілдендірілген.

Әзина Рахымжанованың баспахана қызметіндегі еңбегіне бүгінде 43 жыл толыпты. Елеулі белес, еңселі асу. Ол бұл биігіне үлкен абыроймен жетіп отыр. Тынымсыз еңбек, үлкен жауапкершілік, жақсылыққа жаны құштарлық, өз мамандығына деген сүйіспеншілік – оны қанаттандыратын да, табысқа жеткізетін де осы қасиеттері.

Әзина Рахымжанова талай жылдардан бері офсеттік баспа маманы болып еңбек етіп келеді. Ол республикада баспа және сандық машиналарда жұмыс істеген алғашқы маман. Ол осыдан ширек ғасыр бұрын газеттің бір нөмірі күні бойы дайындалып, түннің бір уағында басылғанын еске алады…

«Бәрі басқаша болатын: баспа машиналары, станоктар, әдістер… қол еңбегі басым болды. Қазір цифрлық технологияның заманы, біз смарт технологияны пайдаланып жұмыс істейміз. Дегенмен, біздің істе адами фактор алмастырылмайды: тиянақтылық, нақтылық, жеделдік – негізгі талап болып қала береді», – дейді Әзина Қайыржанқызы.

Ақмарал Мырзабайқызы баспаханадағы еңбек жолын линотип машинкасында теруші болып бастаған. Кәсіпорында 35 жылдан астам еңбек еткен ол тағы бірнеше мамандықты игеріп үлгерген. Тапсырыс үстелінің меңгерушісі, өндіріс меңгерушісі болып жұмыс істеп, мөр жасау процесін де меңгерген.

– Мамандығым бойынша неміс тілінің мұғалімімін, бірақ баспаханада жұмыс істегім келді, бұған еш өкінбеймін. Жақында ғана зейнеткерлікке шықтым, әлі де корректор болып жұмыс істеймін. Бұл ұстаным менің ой-өрісімді кеңейтуге, ана тілімді толық меңгеруге мүмкіндік берді және бұл жұмыс мен үшін өте қызықты, – дейді Ақмарал Бәкірова.

Әріптестері айтқандай, оның алдынан жүз мыңдаған газет беттері, кітаптар өтіп, екі тілдегі мәтіндерді шеберлікпен өңдеуді жалғастыруда.

Кәсіпорында Әзина Рахымжанова, Ақмарал Бәкірова сынды көп жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты мамандар аз емес: газет цехының бригадирі, баспаханашы Асқар Дәрмешов, кітап өңдеушілер Айсұлу Шуақ пен Үмітжан Данишева, Құралай Айдосова, Валентина Тарасенко, Анна Рудь, Игорь Махраков, өндірістік қойма меңгерушісі Алтын Жылқайдарова, тапсырыс беру бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Сейітова, бет қаттаушы Олег Шияпов және басқалар.

Баспа ісінің майталманы, «Көкше-полиграфия» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Старков кәсіпорынды өрге бастырып келеді.

– Бірінші сыныпта оқып жүргенімде сол тұста бір қабатты ғимаратта орналасқан облыстық баспаханаға экскурсияға барғанымыз есімде. Сонда көргендерімнен қатты әсер алдым. Сол кезден бастап болашақта осы салада жұмыс істеймін деп армандай бастадым», – деп бөлісті Александр Федорович.

Экономист, машина жасау технологы мамандығын алған ол ұзақ уақыт қорғаныс зауытында жұмыс істеді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін өнеркәсіп орындары жабыла бастағанда өндіріс қызметкері өзін басқа кәсіптен іздей бастады. 2003 жылы Александр Старков облыстық баспаханада жұмыс істей бастады. Қорғаныс өндірісінің полиграфиядан айырмашылығы неде және бұл салаға ауысу оңай болды ма деген сұраққа ол полиграфиялық өндірістің зауыт жұмысына өте ұқсас екенін айтты: «Жабдықтар, станоктар… Мысалы, қағаз кесетін машина қағаз кеседі, ал зауыттағы машина металл кеседі. Жұмыс тәсілі бір».

Ол баспа ісінің артта қалмайтынына сенімді және Ұлттық баспа күні соның айғағы.

– Интернет пен гаджеттердің пайда болуы өмірімізді айтарлықтай жеңілдетті. Бірақ газеттер, кітаптар мен журналдар әлі де өміршеңдігін жойған жоқ. Жастарға кітаптың адам өміріндегі маңызын, газет – прогресс айнасы екенін ұғындыру керек… Баспадағы кез келген мәтін есте жақсы сақталатынын, эмоцияны көбірек оятатынын ғалымдар бекер айтпаған. Бұл сала цифрлық технологиялар аясында жоғалып кетпейтініне шынымен сенгім келеді. Әрине, бүгінгі таңда баспа басылымдар мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Өйткені, баспа өндірісін өнеркәсіптік деп санауға болады, ол тұрақты жұмыс орындарын, жалақы, салық, қала мен өңірді дамытуды қамтамасыз етеді», – дейді Александр Федорович.

«Көкше-полиграфия» АҚ республикадағы полиграфия кәсіпорындары арасында жетекші орынға ие бола отырып, еліміздегі баспа өндірісінің дамуын жаңа деңгейге көтерді. Бұл кәсіпорынға Қазақстанның министрліктері мен ведомстволары, еліміздің басқа өңірлеріндегі ұйымдарға маңызды мемлекеттік тапсырыстарды орындауға белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде «Көкше-полиграфия» АҚ бірнеше рет ҚР Президентінің және жергілікті атқарушы органдардың жоғары марапаттарымен марапатталған. Облыстық баспахана ұжымы алдағы уақытта да талай белестерден көрінері сөзсіз.

Міне, баспахананың өндірістегі күнделікті тіршілігі осындай. Ең бастысы, қызығы мен қиындығы қатар жүретін баспаханадағы ұжымның сыйластығы мен достығы, ауызбіршілігі мен татулығы көңіл қуантады.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.