Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ жанындағы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің ұйымдастыруымен ҚР мемлекеттік жастар саясатын іске асыру шеңберінде өңірдің волонтерлік орталықтарының мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуі өтті. 

      Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдегі волонтерлермен атқарушы органдардың бірігіп, жұмыс жасауына ықпал ету, іс-шаралар ұйымдастырудағы екі жақты жұмысты нығайту және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және қолдау болып табылады.

      Іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Әмір Амангелдинов, облыстық білім басқармасы басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марина Ли, Ақмола облыстық полиция департаментінің нашақорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы подполковнигі  Рәзия Курсанова және волонтерлік орталықтардың басшылары мен орынбасарлары қатысты.

      Шара барысында өзара ынтымақтастық, алдағы уақытта белсене бірлесіп қоғамға пайда әкелу, қайырымдылық жолында жүрген жастардың қатарын көбейту жайында сөз қозғалды. Сонымен қатар, орталықтардың және шақырылған мемлекеттік ұйымдардың өкілдері өздерінің қызметтері жайлы таныстыра отырып, игі жұмыстары бойынша қандай да бір қолдауға жүгінетіндері туралы пікірлерін білдірді.

      Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының подполковнигі – Разия Талғатқызы өз сөзінде қазіргі таңда есірткі сатумен айналысатын жас буынның ұлғаю алаңдатыны жайлы, мектеп жастағы оқушылармен профилактикалық жұмыстарды жиі өткізу керек және әрбір волонтерлік ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.

      «Әрбір волотерлік орталық түрлі бағытта жұмыс жасауда. Десекте әр орталықтың жұмысын тек бірігу арқылы жүзеге асырған жөн деп санаймын. Бүгінгі кездесуде отырған әр мемлекеттік органдар өз бағыттары бойынша қол ұшын беріп қолдап жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сондай-ақ, қалған орталықтар әлеуметтік желілерде өзара ақпараттық тұрғыдан көмектерін көрсетсе деймін. Себебі жоғалған адамды іздестіру жұмысымен тікелей айналысатын «Лидер кз» ұйымы көбінесе ақпараттық көмекке жүгінетінін айта кету керек», – деді өз сөзінде «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің маманы Дидар Хамзин.

      Шара соңында волотерлер өз ұсыныстарын білдіріп, сұрақтарын қойып, сапалы жауап алды. 

      Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі.