Биылғы Наурыз мейрамы «Жібек Жолы» базарының 15 жылдығымен қатарлас келіп отыр. Халқымыздың терең тарихы базар ұғымымен тығыз байланысты. Бұл сауда-саттық орны ғана емес, әу заманнан жұртшылықтың тіршілік қам-қарекетінің өзекті көзі, мәдени-рухани қарым-қатынастардың жылы қайнары, салт-дәстүрлеріміздің айшықты жалғастығын үзбейтін алтын көпір саналады. Осы ретте, тарихи атаудағы «Жібек Жолы» алғашқы күннен бастап Әз Наурызды нақышына келтіріп тойлайтындығы көңіл өсіреді.

Мұнда шуақты күнмен бірге ұлттық ән-би әуендері шырқалып тұрды. Өйткені, базардағы алушы да, сатушы да күнмен бірге оянады. Жиналған қауымды жекеменшік базар иесі, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Кеңесбек Бектас Наурыз мейрамымен құттықтады.

-Биылғы мерекеміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша жаңаша сипатта тойлануда. Бұл онкүндіктің әр күнінде Әз Наурыз тағлымдары барынша ашып көрсетіліп жатыр. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Біз бүгін жыл сайынғы дәстүрімізге сай, Наурыз көже мейрамын өткізгелі тұрмыз. Өйткені, жаңа жылымыздың бірінші күні, жаңару күні  ырыздығымыздың мол болуын әспеттейді. Осы жақсы ырымымыз жалғасын үзбесін, еліміз бай-қуатты болсын деген ниетпен жайылған дастарханнан дәм татуға шақырамыз,-деді К.Бектас.

         Кең жайылған дастархан жайнап тұрды. Базар қызметкерлері ғана емес, ауыл аймақтан келген сатушылар, тіпті қаланың тұрақты тұтынушылары мен қонақтарының басым бөлігі ұлттық киімдер киіп, бір-бірін құттықтап жатқаны жарасымды көрініс еді.

         Жұртшылық игі шараны ұйымдастырып, Наурыз талаптарына сай дастархан жайып, қалың қауымға қызмет көрсеткен директордың орынбасары Гүлвира Маткужинаға, Күлбибі Молдабекқызына, Алтын Сабырқызына, әннен шашу төккен Нұржамал Тілеубергеноваға, осындағы асхананы 15 жылдан бері басқарып келе жатқан Алма Абдрахмановаға ақ алғыстарын жаудырды.

         Сондай-ақ, базар ашылған күннен бері ет саудасымен айналысатын Балдырған Бейсенбина мен Бурабай ауданынан келген тұтынушы Ералхан Шойбеков жұмысты тиімді ұйымдастырып отырған базар басшылығына ризалығын білдірді.

         Бақберген АМАЛБЕКОВ,

қала тұрғыны.