Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов шахматтан Қазақстан чемпионы Жанбота Қамарованы құттықтады.

Омбы қаласының тумасы 2022 жылдың қараша айында отбасымен бірге Көкшетауға көшіп келген. Төрт жасынан бастап шахматпен айналысады, 11 жасында спорт шеберіне үміткердің нормативін орындаған.

Жанбота Қамарова – Сібірдің бірнеше дүркін чемпионы. Өткен жылы ол Ақмола облысында ерлер арасында чемпион атанды. Биыл жылдың қаңтарында 18 жасар Жанбота «блиц» номинациясы бойынша әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында алтын медаль, сондай-ақ «классикалық» және «жылдам» шахматта екі күміс жүлдеге ие болды. Шахмат федерациясы облыстық филиалының атқарушы директоры, халықаралық гроссмейстер Серік Темірбаев Жанбота Қамарованың алтын медалі – Ақмола өңірі үшін үлкен жетістік екенін және оған  үлкен үміт артатынын атап өтті.

Өткен жылы облыстық шахмат федерациясының төрағасы болып сайланған Бейбіт Жүсіпов талантты шахматшыны жан-жақты қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша Көкшетауда шахмат үйін ашу туралы шешім қабылданғанын айтты. Осы мақсаттар үшін Қопа көлінің жағасындағы резиденция берілетін болды.

Жанбота Қамарова, оның анасы Күміс Қамарова және Серік Темірбаев Қазақстанның барлық шахмат жұртшылығы бұл жаңалықты қуана қабылдағанын атап өтті. 

«Енді федерацияның, облыстық спорт басқармасының, сондай-ақ барлық жаттықтырушылар құрамының міндеті  – Шахмат үйін тезірек ашуға, оны жабдықтауға және барлық жастағы ойыншылардың сабақтарына жағдай жасауға барынша күш салу. Бұл мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы», – деді Бейбіт Айтымұлы.

Кездесуге қатысқан Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, шахмат қозғалысына белсенді қатысып, Жанботаға қолдау көрсетіп жүрген Гүлайым Есенова, Бейбіт Айтымұлына   назар аударғаны үшін алғысын білдіріп, соңғы уақытта өңірде шахматты дамытуда айтарлықтай ілгерілеушілік болғанын атап өтті.

Жанбота Камароваға естелік сыйлықтар тапсырған мәслихат төрағасы Б.Жүсіпов оған одан әрі табыс пен жаңа жеңістер тіледі.

Қарлыға МҰХАТАЕВА,

Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *