Көкшетауда ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинге ескерткіш қойылды. Өрт сөндірушінің мүсіні орталық саябаққа орналастырылды.

 Ескерткіш меценат Руслан Іргебаевтың бастамасымен және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен тұрғызылған. Оның ашылуына Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Бауыржан Сыздықов, Асқар Забикулиннің отбасы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және жеке құрамы қатысты.

– Бүгінгі шара Асқар Забукулиннің құрметіне арналған бақ пен ескерткіштің ашылуына арналады. Елордадағы тұрғын үй кешенінде болған өрттен ол үш адамды аман алып қалды. Оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады. «Асқар өскелең ұрпаққа, академия курсанттарына және біздің қызметкерлерге әрқашан үлгі болады», – деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Ақмолалық құтқарушылар өткен жылы үш жүзден астам адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалды.

–Бүгін ашылып отырған ескерткіш – жерлесіміздің ерен ерлігіне жасалған шағын құрмет. Оны марқұм болған батырдың туған жерінде жасауға атсалысқан баршаға алғысымды білдіргім келеді,– деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов.

Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналғандар Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды. Гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ескерткіштің биіктігі 4 метрге жуықтайды.

«Асқар ерлігімен Отан алдындағы азаматтық борышына адалдығын көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалады. Асқардың ерлігі мен батылдығы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ол жақсы іні ғана емес, жақсы әріптес, жақсы жолдас бола білді. Інімнің аруағына осындай құрмет көрсетіп отырған азаматтарға, отбасы атынан шынайы алғысымды білдіремін», – дейді Асқар Забикулиннің ағасы Елдар Забикулин.

Еске салайық, Асқар Забикулин Астанада өрт болған үйден үш адамды құтқарып қалған. Денесінің 80 пайызын күйік шалып, өзі ауруханада көз жұмды. Офицердің артында жары мен екі баласы қалды.

Президент Жарлығымен қызметтік борышын өтеудегі ерлігі мен адалдығы үшін өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болғаннан кейін жоғары мемлекеттік награда – 1-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ә. ҰЛАНҚЫЗЫ.