Сары Арқаның  төрінен орын тепкен көркем қала Көкшетау қандай мадақ, марапатқа болмасын лайық. Ақ қайыңы тербелген, сексен көлі сылдырлаған Көкшені көрген ақын-жыршы, композитор толғанбай қоймайды. Жақында , «Достар» мәдениет сарайында «Шаттық таңым-Көкшетау» деген тақырыппен дүбірлі концерт өтіп, онда орындалған Көкшетауға арналған екі жаңа ән  талғамды тыңдарманға арналған ерекше тарту болды.

            Концерт көкшелік ақберен  ақын Алмас Темірбайдың «Көкшетау» деген жырымен басталды. Өлеңді көркемсөз оқудың шебері Нұрлан Қыстаубаев оқыды.

Көкшетау!

Өте пәк, өте кербез, өте керім,

Мекке мен Мәдинадай мекен едің.

Кеудемді Оқжетпес қып тіп-тік ұстап,

Басымды Жұмбақтас қып көтеремін!- деген алғашқы жолдардан –ақ, көрермен дүр сілкініп, әдемі кештің әсеріне ене берген еді.

Көкшетауды айтсаң, Көкшетау туралы мақтаныш-сүйінішпен толғанар болсаң Сәкен Сейфуллиннің алты алаш білетін атақты әнін қалай аттап кетерсің? Бұл жолы да Ақтоты Абдрахманның орындауында «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты сырлы ән асқақтады. «Асыл мұра» халықтық би ансамлі ән ырғағымен мың бұралып әуенді әрлей түсті. Көз тойып, құлақ құрышы қанды!

Арқаның сал-серілік өнерін ұстанып, осы асыл дәстүрді жалғастырып жүрген , биыл 85 жасын тойламақ Иран сал Тасқараның көпке кеңінен танымал «Көкшетау вальсін» дарынды әнші Аслан Мұхамедияров тамылжытты. Аслан салған әнді көрерменнің  қашанда құмарлана тыңдары аян.

Одан әрі сахнаға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері Бисара Мәкенова (Үкілі Ыбырайдың «Ер Көкше» әні), Мәдениет саласының үздігі Кенжебай Мұқышев (Біржан садың «Ақ тентек» әні) , халықаралық, республикалық кокурстардың лауреаттары Азамат Қадыл ( Үкілі Ыбырайдың «Он саусақ» әні ) мен Әділ Құсайыновтар (Ақан серінің әні «Балқадиша»)  көтеріліп, бір-бір әннен орындады. Бисара, Кенжебай сияқты елге  еңбегі сіңген майталмандармен  жалындаған жастардың бірге шығуы дәстүрлі ұлттық өнердің жалғасуының дәлелі сияқты көрініп, дүйім жұрт ду қол соқты. Осылай, қосыла шауып, тағдырлы әндердің мән-жайын түсіндіріп, үлкендердің жас әншілерді баулып, қанаттарын қатайта бергені абзал, құптарлық іс. Бұл да әр көрерменнің көкейінде отырған ізгі  сыр болатын.

            Бұл жолғы концерттің тағы бір айта кетерлік тағылымы Көкшетауға арналған екі бірдей жаңа  әннің шырқалуы еді. Әнін Марғұлан Оспанов, сөзін Қуаныш Оспанов жазған «Сал Көкше» әнін  көптен көзге түспей жүрген «Оқжетпес» дуэті орындады. Келесі жаңа ән сөзін Қаратай Төлекеев, әнін Есімжан Жапаров шығарған «Көкшетау, Көкшем менің» болды. Бұл әнді «Аманат» квартеті шырқады. Екі әнді де көрермен қуана қабылдады. Өмірге жаңа туындылардың келуі үлкен мәдени оқиға. Көрермен қауым осындай тарихи сәттің куәгерлері  атанды. Халық қолдап, көп сүйсініп, көтермелеп отырса, өнерпаздар да қанаттана түсер, алға қарай да тарихы терең Көкшетауға ән мен күй, жыр-дастандар  арналар!

            Көңіл толқытқан кеште жыр нөсерін төгіп-төгіп өте кеткен Төлеген Қажыбай мен Құрмет Сақайдың туындысы « Көкшетау вальсі» (орындаған «Жас дәурен» квинтеті), Төкең мен Ермұрат Үсенов шығармашылық одағынан туған «Арайлы Көкшетау» (орындаған Ляззат Ыдырысова) , Ескендір Хасанғалиев пен Шот-Аман Уәлиханов тудырған «Көгілдір Көкшем» (орындаған «Назерке» халықтық камералық хоры), Ерлан Ташевтің көпке кеңінен танымал «Жаса, Көкшетау!» (орындаған «Дархан» вокалдық тобы) әндері шырқалды. « BG Group» вокалдық тобы әйгілі «Саржайлау « мен Еркеш Шәкеевтің «Көкшетау»,  «Балақай» тобы  Виктор Бухмилердің «Ты в Көкшетау приезжай» деп аталатын әндерін орындады. «Көгілдір Көкшем» атты екі алып туғызған тамаша туындыны жұрттың бәрі білсе де, авторлары атала бермейтінін осы мақаланы жазу үстінде аңғардық. Әннің шығу тарихын емен-жарқын естіген, көргендер , куә болғандар, әрине, ұмытқан жоқ. Еркін Әуелбековтей тау тұлғаның туған елінен басқа өңірге қызметке кетіп бара жатқанында ел азаматтарының үлкен қолғасының арқасында туған шығарма көрінеді. Айта жүретін әңгіме.

            Шын ниет, пейілмен ұйымдастырылған концертке өнердің ерен тарланы Иран сал, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов,  Көкшетау қалалық ардагерлер кеңісінің төрағасы Шияп Әлиевтер бастаған алып ақсақалдар,  Құдайберлі Мырзабек, Ерболат Баятұлы сияқты жүйріктер бастаған ақын-жазушылар, қаланың зиялы қауым өкілдері, жалпы өнер сүйер қауым түгел жиналды. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, қалалық мәслихат төрағасы Дастан Әкімов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары  көрермен ортасынан табылды. Көрерменнің осындай ынта-ықыласының өзі өнерпаздарды өрге бастайтынын айта кетуге міндеттіміз.

            Көрікті кеш соңынан Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Даниярбек Нұрсейітов кештің құрметті қонақтарын сахнаға шақырып, мінберге шығып, концертті ұйымдастырушы – Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева мен « Достар» мәдениет сарайының директоры Екатерина Ауғанбаеваға алағыс айтып, гүл шоқтарын табыс етті, жақында  70 жасқа толған дәстүрлі әнші Бисара Мәкеноваға Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты.

            Ел ағасы Болат Сүйлейменұлы, Халық әртісі Жібек Бағысова мен Иран сал  осындай ерекше тартымды кеш үшін ұйымдастырушыларға ақ алғыстарын ақтарыла , тебірене жеткізсе, ақын Қуаныш Оспанов Көкшетауға арнаған керемет бір өлеңін оқыды. Бұл- шын мәнісіндегі қалың көрерменнің, барша халықтың алғысы еді.

            Сөйтіп, бұл концерт ерке Көкшеге ерекше бір тарту болды.

                                                           Серік Жетпісқалиев,

            Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы