Дулат Сабыржанұлы Мұқашевті Көкшетау қаласында көп адам танып, біліп қалған. Себебі қолы шипалы. Оған көмек сұрап келетін жандардың қатары сиреген емес. Дулаттың бала да болса атасы Мұқаш қарияның ауылдастарын Құран кәрімнің аяттарымен емдейтіні есінде қалыпты. Немерелерін үнемі қасына ертіп жүретін әрі қатты жақсы көретін. Жасы жүзге келіп өмірден озды. Анасы Айтжан Тұрғынбекқызы да кішкентай сәбилерді кірне, тілге ілігу дерттерінен үшкіріп жүретін. Яғни, отбасындағы емшілік қасиет әріде жатса керек.  Дулаттың да  адамдарды емдеуге бет бұруының сыры осында.  Бала күнімде  қозылардың аяғы шығып кеткенде өзім емдей беретінмін, таяқ байлап, қатты таңып қоятынмын. Біраз уақыт өткесін, олар шауып кететін дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданына қарасты Жарқайың ауылында 1970 жылы дүние есігін ашқан Дулат көп балалы отбасында өсті. Өзінің алдындағы төрт апасы, төрт ағасына еркелеп ержетті. Мінезі ашық, жүзі жайдары бала көп нәрсеге қызығып, білсем, көрсем деп тұратын. Әкесі Сабыржан Мұқашұлы сегіз қырлы, бір сырлы жан болған. Ұлы Отан соғысының ардагері, үш мәрте «Ерлігі үшін» медалін омырауына қадаған қайсар жан. Елге сыйлы азамат ағаштан үйге қажетті  бұйымдар, жиһаздар жасап, темірден түйін түйетін қолы шебер жан еді. Дулат та ағаларымен бірге ағаштан ойып түрлі заттар жасауға бала күнінен машықтанды. Сол кәсібін кейін шәкірт тәрбиелеуге жұмсады. «Әкеміз өте шебер жан болды.Ағаштан түйін түйетін деген қазақта сөз бар ғой, дәл осы сөзді мен өзімнің әкеме қарата айтатын едім. Бізді қасына ертіп жүріп, бала күнімізден қолөнерге баулыды. Басқа бауырларыма қарағанда ағаштан түрлі заттар жасауды мен ерекше меңгеріп алдым», –дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Дулаттың туып-өскен, бақытты балалық шағын өткізген ауылы Есілдің жағасында орналасқан. Айналасы жасыл желек жамылған, қарағай мен қайыңы араласа біткен, малға да, жанға да жайлы қоныс. Ересек балалар өзінен кішілерді Есіл өзеніне ертіп барып, судың тереңдеу жеріне   лақтыратын. Сол кезде батып кетуден қорыққан бұлар жанталаса жағаға ұмтылатын. Осылайша қарадомалақтардың бәрі жүзуді меңгеріп алды. Әлі күнге дейін суға шомылғанды ұнатады. Қаладағы бассейндерде шынығады. Су әрі ем, әрі дертке дауа дейді ол. «Туған ауылым өте әдемі жерде орналасқан. Маған ыстық. Балалық балғын шағым, есею жылдары сол жерде өтті. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достарыммен жүрген әр бақытты күндерім көз алдымнан көлбеңдеп өткен кезде қимас сағынышты сәттер жүрегімді тербейді. Ол күндер енді сағым сияқты алыстан қол бұлғайды. Бірақ біздің бақытты балалық шағымыздың естеліктері еш санамыздан өшпейді», –дейді алысқа көз сала отырып біздің бүгінгі кейіпкеріміз.  

Мектеп қабырғасында жүргенде Дулат бала ана тілі, қазақ тіліне ден қойды. Физика, химия сабақтарын ұнатты. Зертханалық жұмыстарды жақсы көрді. Химиялық элементтердің сырына үңілді. Адам анатомиясына да қызығушылық танытты. Ағзаның құрылысы, ішкі органдар, олардың жұмыс істеу қабілеттері, маңызды функцияларына мән берді. 1987-ші жылы Көкшетау ауыл шаруашылық институтының зооветеринарлық факультетіне түскендегі себебі де мал емдеумен айналысу болатын. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін жергілікті жердегі заводтарда жұмыс істеді. 5-ші разрядты   токарь, сварщик мамандығының да иегері. Чайкино мектебінде шаруашылық саласын басқарып жүріп, оқушыларды еңбекке баулығаны да күні кеше. Оларды ағаштан түрлі заттар жасауға үйретті. Ауыл балаларының ынтасы да ерекше болатын. Ағаштан шағын домбыра, қайық жасау үшін үйінен жүгіріп жететін. Балалармен жұмыс істеген кезін қазір сағынышпен еске алады.

Қандай істі болса да арланбай істейтін, еріншектіктің ауылынан алыс жүретін Дулаттың1997-ші жылдан бастап денсаулығы сыр берді.Ауыр жұмыстың салдары ма, әлде Арқаның қысының зардабы ма белінен баса алмайтын дертке шалдықты.7 және 9 милимметрлікомыртқааралық диск жарығы диагнозы қойылды. Төсек тартып жатып қалды. Бір аяғы жансызданып, ештеңені сезбеді. Аға-әпкелерінің қолдауының арқасында операция жасалып, орнынан тұрды. Алайда өкшелеп соңына түскен дерт тағы да төсекке алып ұрды. Бұл жолы Дулат  операция үстеліне барудан бас тартты. Уақытын босқа өткізбей, адам анатомиясын оқи бастады. Органдар, бұлшық еттер, сүйек қаңқасы, буындар,сіңірлер, бәрі-бәрі қызықтырды, жалпы адамның жаратылысына терең бойлады және омыртқа ауруының негізгі себебін біліп алды. Дулат 2002, 2005 және 2018 жылдары үш мәрте операциядан аман шықты. Соңғы операциядан кейін омыртқасына титан металл құрылымы қойылды.  Міне, сол жылдардан ол адамның ағзасын сезе бастады. Бұл атасының, анасының емшілік қасиетінің Дулатқа да дарығанының бір көрінісі еді. «Апам сал ауруына шалдықты, сол кезде массаж жасадым. Күнделікті барып тұрдым. Ұйып қалған денесінің барлық бөлігін уқалап, қыздырып, қан жүгірттім. Уақыт өте келе, беті бері қарай бастады. Негізі адам егер шын сенім артса, қара суға да емделеді. Өзіңнің ішіп отырған асыңды дәрі деп емес, ас деп ішсең ғана бойыңа дариды, ал егер оны дәрі деп ойласаң, тіпті ішіп жүрген дәріңнің өзі саған ем болмайды. Сондықтан қара судың өзін маған ем болады деп ішсең, шынымен де сауығып кетесің. Адам баласы қашанда өзіне емші, ол өзін-өзі емдейді. Тіпті сал ауруына шалдықсаң да, мен сауығып кетемін деп үнемі ойлап отырса, ол дертті жеңеді. Бұл жерде массаж жасап, денесін уқалап жүрген адамның шын пейілі ғана емес, науқастың да өзіне берген күш-жігері де көмекке келеді. Адам үнемі күресу керек. Өйткені сенің денсаулығың тек өз қолыңда», –деген Дулаттың сөзіне иланбасқа шараң да қалмайды. Бұл шын сөзі. Ойлап қарасаң, шынында да солай. Бәрі адамның өз қолында.

Дулаттың массаж арқылы адам емдеуге кіріскенінжергілікті тұрғындар бір-бірінен естіп, көмек сұрап келе бастады. Көпшілігінде бас ауруы, бел ауруы, тамырдың тарылуынан болатын дерттер. Қолынан келгенше көмегін беріп жүріп, білімін жоғарылатты. Астана қаласындағы Қытай фирмасында оқып, сонда бір жыл жұмыс істеді. Бастапқыда массаждың түр-түрін игерді, буын ауруы, сіңірдің созылуы, омыртқаның қисаюы, буын шеміршектеріндегі дистрофиялық бұзылуларды қалпына келтіруді меңгерді. Кейін Көкшетауға қайта оралып, жеті жылдан бері «Бодрость» сауықтыру кешенінде уқалау әдісімен, мануалды терапия, яғни қолмен емдеу арқылы  адамдарды қабылдап келеді. Басы ауырып, балтыры сыздағандар Дулат Мұқашевке қайта-қайта жүгінеді. Себебі оның жасаған массажы, қолмен уқалау арқылы тиісті органдардың бұзылысын қалпына келтіре білу қабілеті ерекше.  Сипалау арқылы көп ауруды емдеуге болады. Қолдың энергиясы ерекше. Бұл түрлі аспаптарды қосып қойып, денені уқалап шыққаннан да әсерлі. Өйткені адамның қолындағы биотоктың қабілеті мен күші өте жоғары. Одан бөлінетін энергия түрлі дертке ем дейді ол. Адамның омыртқасын орнына қою, мойын, жауырындағы қатып қалған немесе ұйып қалған клеткаларды қозғап, сүйектерін сындыратындай сартылдатып, буындарын қыздырған кезде, кәдімгідей рахатқа бөлетеді. Себебі, күнделікті отырықшы жұмыс, дене мүшесінің аз қимылы, артық салмақ, осының бәрі адамды болбыратып, шаршатып жібереді. Сондықтан қимыл-қозғалысы аз адамдарға массаж алып, денесін босаңсытып алған дұрыс болады.Күні ертеңдері бұл көп дерттің алдын алуға жәрдемдеседі.

 Дулат адамдарды көзбен көрмей, сезбей, сырттай қабылдамайды. Тек алдына келіп, неге мұқтаж екенін айтқанда ғана іске кіріседі. Осыған дейін талай адам келіп, кетті. Олардың бірін мүгедек коляскасынан тұрғызса, өмірден түңілген енді біріне үміт сыйлады. Ал енді біріне ақыл-кеңесін айтып, отбасындағы науқас жанды өзі емдеуге дейін үйретті.    

 Адам баласы тәңертең тұрдың ба, өз аяғыңмен барып су іштің бе, одан артық ештеңе жоқ. Одан артық арман жоқ. 22 күн жаттым бірінші операциядан кейін, адамның өзі тұрып жүргеннен ештеңе жоқ. Аяқ қолың сау ма соған қанағат ету керек. Соған қуану керек дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Кез келген адаммен тіл табысып, көмек беруге дайын тұратын елгезек жігітқиындықты өз басыңнан өткізбей тұрып, өзгеге қол ұшын созу қиын дейді. Кезінде өзі немен ауырды, қазір сол  қиындықпен келетіндерді қолмен емдеп келе жатыр. Және бір айтатыны, қазақ халқының  емінен артық ем жоқ. Ата-бабамыздың атам заманнан қолданған емін өмірге қайта енгізсек, қазақ ұлтынан салауатты, дені сау  ұлт болмайды. Өзінің арманы болашақта қолмен емдейтін үлкен емдеу-сауықтыру  орталығын ашу. Оған демеушілік жасайтын азаматтар табылып жатса, құба-құп. Ал, массаж жасаудың, қолмен емдеудің шебері Дулат Мұқашевке келемін десеңіздер Көкшетау қаласындағы «Бодрость» орталығына бас сұғыңыз. Сізге кәсіби маман қызмет көрсетеді, әрі емдейді, әрі сауықтырады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.