Ақпан – қазақ баспасөзі үшін ерекше қадірлі ай. Себебі 2 ақпан – ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күн. Өткен жылдың 30 маусымында осы айтулы дата Ұлттық басылым күні болып еліміздегі мерекелік күндер тізіміне кірді.

Осы айтулы күні, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшылығының облыстық «Арқа ажары», «Акмолинская правда» және қалалық «Көкшетау», «Степной маяк», «Көкшетау бүгін», «Любимый город» газеттерінің директорлары, бас редакторларымен кездесуі өтті.

Мерзімді баспа басылымдарының өкілдеріне алғыс хаттар табыстай отырып басқарма басшысы Алмас Алин «Баспа журналистикасында әрқашан шығармашыл, талантты, өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін адамдар жұмыс істейді. Олардың арасында көрнекті жазушылар, ақындар, драматургтер бар. Сондықтан баспа сөзіне деген сенім жоғары, ал журналист, тілші мамандығы үлкен құрметке ие», – деп атап өтті.

Кездесу баспа БАҚ-қа қатысты өзекті мәселелерді талқылауға тамаша мүмкіндік берді. Ішкі саясат басқармасының өкілдері мен журналистер медиа саланы, журналистік этиканы дамытуға, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді талқылады. Кездесу барысында баспа басылымдарының қоғамдық пікірді қалыптастырудағы маңызды үлесіне, сондай-ақ олардың халық арасындағы ағартушылық рөліне ерекше баға берілді.

Қалам және баспа сөзінің шеберлері атап өткендей, мұндай іс-шаралар билік пен баспа басылымдары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп, қоғам мүддесін қорғау жолындағы сындарлы диалог үшін алтын көпір қалыптастырады. Сондай-ақ объективті ақпарат пен қоғамдық ашықтыққа қол жеткізуді қамтамасыз етудегі ақпараттық процестің барлық қатысушыларының бірлігі мен өзара іс қимылының маңыздылығын еске салады.

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Ақпараттық ғасырда ақпараттарды туындату, өңдеу, тұтынушыға жеткізудің әдістері мен тәсілдері, жылдамдығы өзгеруі мүмкін. Ақпаратты ұсыну мен қабылдаудың да өлшемдері өзгеріске түсері, түсіп те жатқаны сөзсіз. Бұл өзгеріс журналист мамандығының қызметтік функциясына да қатысты. Қалай болғанда да қазіргі заманғы адамзаттың рухани-әлемуеттік өмірін ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес.

Жалпы атап айтсақ, Ақмола облысында жұмыс істеп тұрған 76 БАҚ тіркелген, оның ішінде баспа БАҚ – 57, онда 47 газет пен 10 журнал бар. Мемлекеттік емес БАҚ-тың үлес салмағы шамамен 90% құрайды.

А.АЙҒАРА.