«Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген күн Ұлттық басылым күні болып өткен жылы белгіленді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму экс министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеген болатын. Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осыдан 111 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды.Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен еді. Енді міне, журналистер қауымы үшін тағы бір атаулы күн белгіленді.

Осыған орай баспа ісінің майталмандары жайлы әңгіме қозғағанның өзі орынды. Бүгінгі цифрлы заманда баспа өнімдері сұраныс нарығынан кетеді деген ой қалыптасқанмен, әлі де ол өміршеңдігін жоймайтынын өмірдің өзі дәлелдеді.

Сондықтан дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары заманауи журналистиканың маңызды бөлшегі болып қала береді және халыққа ақпарат жеткізуші құралдың ролін атқарады.Бүгінгі күні шетелдің өзінде газет пен журналдарға сұраныс артып, қарапайым халық қайтадан осы басылым көздеріне қайта оралып жатқаны жасырын емес. Өйткені электронды басылымдарға қарағанда газет-журналдардың ұзақ уақыт сақталатыны бар.

Біздің өңірдегі баспа ісінің тарихы 1905 жылдан бастау алады. Облыстық баспа орталығы бүгінгі күні «Көкше-Полиграфия» АҚ біздің елдегі көне баспа өндіріс орны саналады және биыл өзінің 119 жылдығын атап өтеді.

1944 жылы Көкшетау облысының құрылуымен сәйкес келген Никандер Шеломенцевтің жеке ісі 1974 жылы қазіргі баспа ғимаратының салынуы тұсына дейінгі түрлі даму сатысынан өтті.

Жылдар өткен сайын технологияның жаңғыруымен бірге, жаңа өнім түрлерін басып шығару сатысы аралығында білікті мамандар қатары да өсті. «Көкше-Полиграфия» АҚ осы уақыт аралығында көпсалалы баспа өндірісіне айналып, кең көлемдегі сапалы өнім (газеттер, журналдар, кітаптар, күнтізбеліктер, фотоальбомдар, бланктер т.б.) шығара бастады.Кеңес заманындағы құрал-жабдықтар толық ауыстырылып, жаңа құрылғылар сатып алынды. Бүгінгі күні көптеген тапсырыстарды орындау арқылы өзінің ісін өрге жүздірген кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді.Олардың бәрі өз ісінің шеберлері. «Көкше-Полиграфия» АҚ қаланың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалған емес және мүгедектерге, зейнеткерлерге, әлеуметтік мекемелерге көмек қолын созады.

Кәсіпорын әлеуметтік саясатқа қосқан үлесі үшін ел Президентінің наградасына ие болып, «Парыз» конкурсының жүлдегерлері атанып, облыс және қала басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды. «Көкше-Полиграфия» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А. Старков та «Мамандық үздігі» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Қалалық «Көкшетау» мен «Степной маяк» газеттері де бұрынғы дәстүр бойынша осы баспадан жарыққа шығып келеді.

Осы кәсіпорында еңбек ететін баспа ісінің майталмандарын Ұлттық басылым күнімен құттықтап,шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, кәсіби істе тек жетістіктер тілейміз. 

Г. АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.