Қазақстандық балалар жазушысы, ақын, сценарийші Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай, оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармалары туралы білімдерін толықтыру мақсатында «Қазақтың дара жазушысы»  атты әдеби кеш өтті. Іс-шараға  №8 жалпы  орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушылары қатысты.

Ұлт руханиятының ірі тұлғасы, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Жазиралы қазақ даласының жұпар исін аңқытып, ауылдың ғажайып көрінісі мен тыныс-тіршілігін, топырағында аунап-қунап өскен бала Қожаның боямасыз өмірін тап басып суреттеген қабырғалы қаламгердің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Сонымен қатар «Бір ел – бір кітап» республикалық акцияның жалпыхалықтың оқуына Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы алынып отыр. Абайдың «Қара сөзінен» бастау алған елімізде 2007 жылдан бастап республикалық акция өтуде. Жылда ел болып оқуға белгілі қазақстандық жазушылар мен ақындар алынады. Міне6 биылғы жылы Бердібек Соқпақбаев алынып отыр.

  Бердібек  Ыдырысұлы Соқпақбаев 15 қазан 1924 жылы  Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келген. Бердібек өте кедей отбасында өсті. «Балалық шаққа саяхат» (1960 ж.) әңгімесінде өзінің балалық шағын өте көркем сипаттаған. Бала көп нәрсені: ауыр еңбек пен аштықты басынан кешірді. Дегенмен, ол бәрін білуге өте құмар және қабілетті бала болып ержетті. Мектептен кейін Б.Соқпақбаев әскери қызметін өтеді. Кейін Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыды, оны бітіргеннен кейін бірнеше жыл ауыл мектебінде мұғалім болды. «Қазақфильм» киностудиясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Балдырған» журналының редакциясында жұмыс істеді. Бердібек Соқпақбаев жазушылық қызметін «Бұлақ» өлеңдер жинағынан бастады. Ол 1950 жылы жарыққа шығып, бірден өз оқырмандарын тапты. Жазушының келесі кітаптары «Чемпион» повесі 1951 жылы жарыққа шықты, «Алыстағы ауылда» (повесть, 1953), «Менің атым Қожа» (1957 ж.), «Балалық шаққа саяхат» (1960 ж.), «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гаухар?» (повесть, 1966).

 «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» туындыларында өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. Себебі ол ешқашан өтірік жазбады. Бұра тартпай тек шындықты бейнеледі. Жазушы 1991 жылы 24 шілде күні дүниеден өтті. Балалардың бал мінезін ішкі дүниесімен жақсы сезіне білген жазушы әрбір шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген. Б.Соқпақбаевтың әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Оқысаң еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелейді. Лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзің күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлерімен жадыңда жатталып қалады…

Бердібек Соқпақбаев – өзі өмір сүрген кезеңнің келбетін боямасыз суреттеген қаламгер. Ашаршылық пен жетімдіктің зардабын тартқан жазушы «Балалық шаққа саяхат» повесінде балғын балалығының қиындыққа толы болғанын жеткізген. Анасы ұзақ уақыт науқастанып, көз алдында өмірден өтеді. Бұл шығармада сегіз жастағы бұғанасы қатпаған бала Бердібектің бір үзім нан үшін ауыр жұмысқа жегілгені, емшектегі інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылағаны, жетімдіктің зардабын шеккен қиын күндері бейнеленген. «Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!» Жазушы өз естелігінде балалық шағының ауыр күндерін былай жеткізген еді: «Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын».

Іс-шара барысында кітапхана қызметкері «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді»   «Менің атым Қожа» т.б повестері жайында сөз қозғады. «Менің атым Қожа» повесіне  қысқаша  тоқталып,  кішкентай Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен әр түрлі қызықты оқиғалары жайлы баяндады. Ол қанша бұзықтық жасаса да жақсы адам болуға талпынысы бар. Өзінің жасаған бұзықтығының бәрі әкесіз өскендігінен деп ойлайды. Қожа өзінің мінезін, тәртібін өзгертуге тырысады. Әңгімеде Қожаның балалық махаббаты да үлкен рөл ойнайды. Ол сыныбындағы үлгілі, тәртіпті әрі сабағын үздік оқитын Жанар деген қызды жақсы көреді. Тіпті кей кездері Жанарға арнап өлең де шығарады. Жанарды әрқашан көргісі келіп тұрады. Қожа жазушы болуды армандайды.

«Менің атым Қожа» повесіндегі әр кейіпкерге  тоқталып, оқушылар ортаға шығып кітаптан үзінділер мен   Бейсебай Кіріспайұлының «Бәйтерек» атты өлеңін, Қожаның қаулысын оқып, викторина сұрақтарына белсенді жауап берді.  Кітап көрмесіне шолу жасалып, бейнебаян көрсетілді.

 Оқушыларды Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы тереңірек қызықтыра түсті.

Жұлдыз СЫЗДЫҚОВА,

 «Достар» МС жанындағы қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашы.