2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен баласыз қазақстандық отбасыларға қолдау көрсетуге арналған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Онда 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7 мың квота бөлу қарастырылған. Мәселен, Ақмола облысына 2021 жылы 274 квота, 2022 жылы 269 квота, 2023 жылы да 269 квота бөлінді. Олардың барлығы сәтті игерілді. 2024 жылы облысымызға 266 квота бөлінді. Ол өңірде тұратын репродуктивті жастағы әйелдердің санына қарай бөлінеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес квоталардың 60 пайызы ауыл тұрғындарына, 40 пайызы қала тұрғындарына ұсынылады.

–Бағдарламаның басты мақсаты – қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Өйткені, мұндай жағдайлар жиі некені бұзуға әкелетіні жасырын емес. Айталық, қазір облыс бойынша «бедеулік» диагнозымен 1200 әйел диспансерлік есепте тұр. Жасанды ұрықтандыру күрделі және қымбат медициналық қызметтерге жататыны белгілі. Әрі қарай шығындар әр жағдайда әр түрлі. Әрине, экономикалық фактор – көптеген отбасылардың ЭКҰ әдісіне жүгінбеуінің негізгі себептерінің бірі. Сондықтан «Аңсаған сәби» – мемлекет өтеусіз негізде ұсынатын ата-ана болудың бірегей мүмкіндігі. Бағдарлама тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қаржыландырылады.

Экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге квоталар бөлу 2010 жылдан басталды. Бірақ олардың саны аз болды, мысалы, біздің өңірге 30-40 қана бөлінетін. Соңғы екі жылда квота саны артты. Өткен жылы 274, биыл 279 квота бөлінді. Өткен жылы бөлінген квота жүз пайыз игерілді. 84 әйелде ЭКҰ әдісі нәтижелі болды, олардың тоғызы қазір ана болды. Екі отбасында бірден егіздер дүниеге келді, олардың бірі сәбилі болуды сегіз жыл күткен. 32 пайызға жуық көрсеткіш жаман емес деп санаймыз. Биыл 13 пациент процедуралардан өтіп жатыр.

Бағдарлама бойынша ЭКҰ қатаң түрде медициналық көрсеткіштер бойынша қажетті талдаулармен расталады. Процедура жылына бір рет қарастырылған, жүктілік басталғанға дейін қайталанады. Егер ерлі-зайыптылар баланың туылуына байланысты проблемаларға тап болса, алдымен жергілікті гинеколог – отбасын жоспарлау маманымен байланысуы керек, олар әр ауданда жұмыс істейді. Есепке тұрып, бір жыл бойы тексеруден өтіп, екі серіктес репродуктологтың кеңесін алады. Өкінішке орай, біздің облыста мұндай мамандар жоқ. Осы ретте біз басқа қалалардың, соның ішінде Нұр-Сұлтанның эко-орталықтарының дәрігерлерімен байланыстамыз, бетпе-бет және қашықтықтан консультациялар өткіземіз. Отбасы тұрғылықты жері бойынша жүгінген медициналық ұйымда әр жұп кезекке қойылады. Рас, бұл жұмыста сәтсіздіктер де кездеседі. Есепте тұрғандарды тексеруге шақырамыз, бірақ көпшілігі түрлі себептерге байланысты дайын болмай жатады. Сол уақытта олардың орнына қолдарында қажетті медициналық құжаттары бар басқа ерлі-зайыптылар келеді. Тест тапсыру, әртүрлі тексерулерден өту ұзақ процесс, бірақ дұрыс диагноз қою үшін мұқият тексерілу өте маңызды. Мысалы, гормоналды өзгерістер, қабыну процестерін, ықтимал қауіптерді болдырмау керек. Егер отбасы аймақтан тыс жерде жоғары технологиялық зертханалық диагностиканы қажет етпесе, барлық зерттеулер тегін. Бір шарт бар: пациент МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс, – дейді Көкшетау емханасы бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Әлпиләм.

Биыл Ақмола облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруға 266 квота бөлінді. 

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар, оған 2023 жылы өзгертулер енгізілген. Осы бұйрыққа сәйкес, әйелдің бала туу жасы 19-дан 49-ға дейін. Яғни, бала туатын жаста ешқандай шектеулер жоқ, бірақ ЭКҰ процедурасына пациенттерді таңдаудың белгілі бір критерийі бар. Егер әйелде тек бір аналық без қалса, онда кем дегенде бес-алты антральды фолликула болуы керек. Аз болса, аналық без қорының төмендігі деп саналады. Бұл жерде нәтиже теріс болатыны қазірдің өзінде анық. Сондай-ақ, анти-мюллер гормоны бар, ол да резервті көрсетеді және спермограмма ескеріледі. Квота бойынша бұл процедураны жылына бір рет өткізуге болады. Мысалы, әйел 2023 жылы жүкті бола алмаса, 2024 жылға қайта өтініш бере алады», – деп түсіндірді маман.

Оның мәлімдеуінше, медициналық ұйымдардағы кезек барынша ашық: «Жергілікті жерлердегі медициналық ұйымдар емханалар-диспансерлік науқастардың, оның ішінде квота бойынша ЭКҰ-ға мұқтаж адамдардың тізімін жүргізеді. Олар пациенттердің құжаттарын облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы комиссияға жібереді. Ол ұсынылған пакеттің негізінде in vitro ұрықтандыруға бедеулігі бар науқастарды жіберу туралы шешім қабылдайды. Өзім де комиссия мүшесімін, оған тек мамандар ғана емес, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де кіреді. Біз пациентті көрмейміз, тек бастапқы медициналық деректерді талдаймыз. Медициналық мәліметтер бойынша қатысушының бағдарлама үшін іріктеу критерийлеріне сәйкестігін тексереміз. Ерлі-зайыптылардың барлығы дерлік ЭКО-орталыққа жолдама алады. Пациенттер, егер бірінші рет әрекет сәтсіз болса, қайтадан тізімге енгізілетінін біледі. Эко-орталықты ерлі-зайыптылардың өздері таңдайды. Өткен жылы Алматы, Тараз, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларында 28 қызмет көрсетілді. Жақын болғандықтан ақмолалықтардың көпшілігі елорданы таңдайды. Мұнда пациенттерді ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, «Астана ЭКОлайф», «ЭКОмед Плюс», «Геном», «Мединновация Астана» медициналық орталықтары қабылдайды».

Жоғарыда атап өтілгендей, бағдарламаға 19-дан 49 жасқа дейінгі әйелдер жүгіне алады.

«Аталған жобаны 2018 жылдан бері үйлестіремін.  Бұл жұмысты учаскелік акушер-гинеколог ретінде жақсы білемін. Науқастар алдымен бастан-аяқ тексеріледі. Эко – күрделі процесс, төзімділікті қажет етеді. Өзімнің тәжірибемде 43 жастағы әйел тұңғыш нәрестесін дүниеге әкелді. Бұл нағыз жеңіс болды дер едім. Осы ретте, әйелдер жылдар өте бала туу қабілеті төмендейтінін білуі тиіс. Жүктіліктің сәтті аяқталуы да маңызды. Біз іштегі нәрестемен қатар, әйелдің де өмірі үшін күресеміз. Осы ретте мамандарға қойылатын талап қатал. Сондықтан ЭКҰ-дан кейін босанғанша әйелдер тәуекел тобында, мамандардың үнемі бақылауында болады.

Бала сүюден асқан бақыт жоқ. Акушер-гинеколог мамандығында дені сау ана мен бала – қос қуаныш. Біз тек осындай нәтижеге жету үшін жұмыс істеуге тырысамыз. Аудандардағы әріптестермен де тығыз байланыстамыз. Баласыз отбасыларға барынша көмектесу үшін кеңес береміз. Тек шыдамдылық, жауапкершілік және сенім болса, арман шындыққа айналады.

Әйелдер жылына бір рет және медициналық себептер бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасынан тегін өте алады. Дегенмен, бұл бедеулікті емдеудің басқа әдістері көмектеспесе, қолданылатын төтенше шара. Ауыр асқынуларсыз өту үшін әйелдің жеткілікті деңгейде дені сау болуы керек.

Репродуктологтардың саясаты бойынша қазір егіздер ЭКҰ кезінде асқыну қаупін тудыруы мүмкін, сол себепті өміршең бір эмбрион ұсынылады. Кейде әйелде бірнеше жақсы эмбриондар болса оларды сақтап, болашақ реплантация үшін мұздатуға құқығы бар», – деп атап өтті Жұлдыз Әлпиләм.

2021 жылы Ақмола облысына бөлінген 274 квотаның 117-сі оң нәтиже берді, 2022 жылы 276 квота бойынша 99 әйел жүкті болды. Ал 2023 жылғы процедураның сәттілігі туралы бірінші жартыжылдықтан кейін ғана айтуға болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, 88 әйелдің тесті оң нәтиже берді, тағы 12-сі нәтиже күтуде. ЭКҰ тиімділігі шамамен 34 пайызды құрайды.

«ЭКҰ гормондардың айтарлықтай дозаларымен қамтамасыз етіледі, сондықтан бұл процедураның нақты көрсеткіштері бар. Егер басқа нұсқалар болса, мысалы, фаллопиялық түтіктердің өткізгіштігін қалпына келтіру үшін хирургиялық араласу болса, онда әйел мүмкіндігінше табиғи жолдарды қолдануы керек. ЭКҰ – бұл өте күрделі процедура, сондықтан болашақта асқынулар болмауы үшін дәрігерлік-консультациялық комиссия әйел денсаулығын жіті тексереді. Процедураға қарсы көрсеткіштер – онкологиялық аурулар, инфекциялық аурулар, жатыр қуысының кейбір аномалиялары, өкпе туберкулезі. Әр іс жеке қаралады», – деп түсіндірді Жұлдыз Әлпиләм.

Әйел ЭКҰ процедурасына мұқият дайындалуы керек. Дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану және психологиялық көзқарас маңызды.

«Тағы бір мәселе бар – эмбрионның сапасы. Кейбір әйелдерде экстрагенитальды аурулар, гипертония және семіздік болуы мүмкін. Әрине, жүкті болғанға дейін салмақты азайту және қан қысымын қалыпқа келтіру ұсынылады. Егер әйелде жақсы сапалы эмбрион және оң нәтиже болса, ол жүктілік мерзімін оңай көтере алады», – деді маман.

Екінші реттік бедеулігі бар, бір баласы бар ерлі-зайыптылар да квота алуға өтініш бере алады. Бірақ, ең алдымен, бағдарлама балалары жоқ жұптарға арналған.

«Алдымен бедеулікті, содан кейін себебін анықтаймыз. Сондай-ақ жасты ескеру керек. Егер 41 немесе 42 жастағы әйел алты ай бойы жүкті болмаса, дабыл қағып, алдын ала диагноз қойып, оны тексеруіміз керек, уақытты жоғалтудың қажеті жоқ. Егер әйел жас болса онда оған өздігінен жүкті болу мүмкіндігін беру керек. Әйел келесі жүктілігін жоспарлаған соң және ол бір жыл ішінде нәтиже бермесе, бұл екінші реттік бедеулік болып саналады. Біздің пациенттер сияқты 5, 8 немесе 10 жыл күтудің қажеті жоқ. Олай болмайды. Бір жыл ішінде жүктілік болмаса, келіп себебін анықтап, тексерілу керек. Бедеулігі бар әйелдердің барлығына ЭКҰ процедурасы көрсетілмейді, кейде гормондарды ретке келтіру жеткілікті», – деп қосты ол.

Оның айтуынша, қазір бедеулік жағдайларының 40 пайызы ерлер, 60 пайызы әйелдер проблемаларымен байланысты. Көріп отырғаныңыздай, әйелдер бедеулігі көш бастап тұр. Көбінесе 30-дан 40 жасқа дейінгі әйелдер ЭКҰ процедурасына жүгінеді, бірақ түтік факторы бар жас әйелдер де бар.

«Сонымен қатар абсолютті бедеулікпен ауыратын 20-30 жас аралығындағы жастар да бар. Мысалы, алғашқы жүктілік жатырдан тыс болып шығып, түтікшені құтқару мүмкін болмаған, кейінгі жүктілікте екінші түтікше жарылған. Нәтижесінде жатыр түтіктері жоқ әйел толығымен бедеулікке ұшырайды. Кейде жолдама береміз, әйелді тексереміз, репродуктологтар гормондарын түзетеді, түрлі ғылыми жетістіктер, жаңалықтар бар, соның аясында өздері жүкті болған әйелдер де бар. Содан кейін олар квотаны қайтарып береді, біз оны келесі адамдарға береміз. Облыста диспансерлік науқастардың электронды реестріне сәйкес 1200 әйел бедеулік бойынша есепте тұр. Бұл тізім жыл сайын жаңартылып отырады. Мүмкін біреу ЭКҰ көмегімен босанған шығар, отбасында бала тәрбиеленіп жатыр, біреу екінші баланы дүниеге әкеледі, содан кейін әйел диспансерлік есептен шығарылады және бала көтеру мақсатымен жаңа адамдар пайда болады.

Өкінішке орай, бүгінде бұл туралы нақты статистикалық көрсеткіш жоқ. Өйткені некелі жұптардың белгілі бір бөлігі жекеменшік клиникаларға жүгінеді. Дегенмен қазір ерлі-зайыптылар бағдарлама туралы біліп, мемлекеттік емханаларға жүгінуде. Бұл әрине, қуантады. Біз өзіміз де ақпараттық жұмыс жүргіземіз және БАҚ белсенді түрде көмектеседі», – деп атап өтті Жұлдыз Әлпиләм.

Ол атап өткендей, ерлі-зайыптылар ақылы ЭКҰ процедурасын пайдалана алады, бірақ бұл айтарлықтай соманы қажет етеді. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық ірі клиникаларда бастапқы стандартты ЭКҰ хаттамасының орташа бағасы 450 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ бұл сомаға құны тағы 400-500 мың теңге тұратын кейбір қосымша медициналық қызметтер кірмейтінін ескерген жөн. Шығындардың үшінші бөлігін дәрі-дәрмек құрайды. Алматы репродуктивті медицина институты дәрігерлерінің алдын ала болжамы бойынша, хаттамадағы әйелге арналған дәрі-дәрмек қосымша 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар өз қаражатына тестілеуден өтуі керек. Бұл тағы 150 мың теңге шамасында. Осылайша, пациенттер хаттаманы бастағанға дейін резервте болуы керек ең жоғары сома 1,65 миллион теңгені құрайды. ЭКҰ туралы шешім қабылдаған әрбір үшінші жұп бұл соманы тағы екіге, тіпті үшке көбейтуі керек, өйткені бірінші әрекетте жасанды ұрықтандыру арқылы әйелдедің барлығы бірдей бала туа алмайды.

«Егер отбасында үш-төрт бала болса және олар әлі де балалы болғылары келсе, сондай-ақ, ерлі-зайыптылар квота таңдау критерийлеріне сәйкес келмегенде ақылы қызметке жүгінуге болады. Көптеген адамдар диспансерге тіркелгісі келмейді. Бұл жағдайда көптеген асқыну қаупі болуы мүмкін. Әйел кез келген жағдайға дайын болуы керек. Барлық мамандармен үйлесімді жұмыс жасасаңыз, нәтиже болмақ. Бізде квота бойынша бір баланы дүниеге әкелген отбасылар бар, енді екінші баланы жоспарлауда. Екінші бедеулігі бар әйел болды, ол бағдарламадан өз бетімен кеткісі келді. ЭКҰ орталығында оған гормоналды препараттар тағайындалды, кеңес берілді, сол жылы қыркүйекте қыз баланы дүние әкелді», – деп бөлісті Жұлдыз Әлпиләм.

Ақмола облысында суррогат ана болу жағдайлары сирек болса да кездеседі.

«Суррогат ана қызметіне жүгіну қажет болған кезде нақты жағдайлар көрсетілген. Бұл жатырдың болмауы немесе әртүрлі ісіктер, ол баланы көтеруге кедергі келтіреді. Немесе әйелде бала тууға кедергі болатын аурулар болуы мүмкін. Мысалы, жүректің, бүйректің күрделі аурулары. Облыс бойынша нақты статистиканы білмеймін, бірақ біздің қалада бірен-саран жағдайлар бар. Қазір республика бойынша суррогат ана агенттіктері бар, адамдар сол жерден де үміткерлерді таба алады. Бірақ тағы да белгілі бір талаптар бар. Суррогат ана болғысы келетін әйелдердің биологиялық баласы болуы керек. Туыстар арасында суррогат ана болу жағдайлары бар, жақын адам бала көтеруге көмектеседі. Бірақ бұл әркімнің жеке ісі», – деп түйіндеді сөзін Жұлдыз Әлпиләм.

Еске салайық, Қазақстанда алғаш рет экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы 1995 жылы жүргізілген. 1996 жылы 31 шілдеде дені сау қыз бала дүниеге келді. Ол биыл жазда 28 жасқа толады. ЭКО әдісін республикаға еліміздің тұңғыш эмбриологы Салтанат Байқошқарова енгізген.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.